«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының жұмыс жоспарына сәйкес Ақтөбе автожол колледжінің базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына арналған «Жанжал: себептері мен шешу жолдары» тақырыбында шебер класс ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында орталық директорының орынбасары А. Тоқсанбаева сөз сөйлеп, жанжалдың туындау себептері мен оның алғышарттары туралы мазмұнды ақпарат берді.
Тәжірибелік бөлімінде Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің педагог-психологтері Н. Жармұханбет пен П. Сырлыбаева «Жанжалды шешудің тиімді әдістері» тақырыбында мазмұнды техникалар мен жаттығуларды ұсынып, қатысушылармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, Қ. Жұбанов атындағы АӨУ Жоғары колледжінің педагог-психологі Қ. Оразова «Жанжалсыз қарым-қатынас» тақырыбы бойынша тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісіп, жанжалды болдырмау жолдарын талқылады.
Шебер класс соңында орталық әдіскері Г. Советова қатысушыларға қақтығысты шешу жолдары туралы бейнеролик көрсетіп, кері байланыс ұйымдастырды. Қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, іс-шараның пайдалы болғанын атап өтті.
Шара барысында өз іс-тәжірибесімен бөліскен мамандарға орталық атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл шебер класс педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға және жанжалдарды тиімді шешу жолдарын меңгеруге бағытталған маңызды іс-шара болды.