«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы ел Президентінің тапсырмасы бойынша психологиялық қызметті дамыту, сондай-ақ балаларға, жасөспірімдерге және олардың отбасыларына жан-жақты психологиялық көмек көрсету мақсатында ашылды.
Мекемеге барған облыс әкімі Асхат Шахаров орталықты аралап, осындағы қызметкерлермен және жасөспірімдермен әңгімелесіп, жұмыс барысында қолданылатын әдістемелік құралдармен танысты. Бүгінгі күні өзекті мәселе саналатын кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық пен буллингке қатысты қабылдануы тиіс оңтайлы шешімдерді талқылады.
Бүгінде орталықтағы «Жан сыры» кабинеттерінде жеке және топтық консультациялар тұрақты өткізілуде.
Орталық қызметкерлері семинарлар мен жеке консультациялар өткізу арқылы әлеуметтік және отбасылық дағдарыстарды азайту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған 87 семинар-практикум өткізілді, оған 7219 ата-ана қатысты, жалпы 9 240 ата-ана психологиялық қолдау алды, ал 851 ата-ана «Жан сыры» кабинетінде жеке консультациядан өтті.
Сонымен қатар, «JAN AHUAL» орталығы арқылы психологиялық қызметтің есебі жүргізіліп, жүйелендіретін және мұғалімдерге мобильді көмек көрсететін бірыңғай электронды журнал енгізілген.
Өңір мектептерінде қызмет ететін 497 педагог-психологтың біліктілікті арттыру курстары, сондай-ақ кешенді әдістемелік қолдау да осы орталық арқылы жүзеге асады.
Әкіммен кездесуде психологтар терең психологиялық терапия жүргізу үшін клиникалық психотерапевтер мен суицидологтардың жетіспеушілігі мәселесін атап өтті.
Асхат Шахаров жыл сайын жергілікті бюджеттен өңірге қажетті мамандарды даярлауға білім беру гранттары бөлінетінін түсіндірді. Ол жауапты салалық басқармаға мамандардың қажеттілігін анықтап, мәселені шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, әкім облысымыздың педагог-психологтары үшін тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыруды және коуч-тренерлерді тарта отырып, курстар ұйымдастыруды ұсынды.